НҰР-СҰЛТАН, 5 маусым – Sputnik. Орталық референдум комиссиясы кешкі сағат 18.00-дегі жағдай бойынша Конституцияға түзетулер енгізу жөніндегі республикалық референдумда қанша адам дауыс бергенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Өңірлердегі аумақтық комиссиялардың мәліметінше, сағат 18.00-дегі жағдай бойынша республикалық референдумда тізімге енгізілген азаматтардың 65,04%-і немесе 7 624 641 адам дауыс берді", - деді Орталық референдум комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов.
Өңірлер арасында ең жоғары белсенділік Түркістан, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелген. Ең төмен көрсеткіш Алматы қаласында (25,%). Референдум учаскелері елорда уақытымен 20.00-де жабылады. Содан кейін бюллетеньдерді санау жұмысы басталады.
Өңірлер бойынша дауыс бергендер саны:
Нұр-Сұлтан қаласы – 53,87%
Алматы қаласы – 29,82%
Шымкент қаласы – 69,55%
Ақмола облысы – 69,07 %
Ақтөбе облысы – 55,90%
Алматы облысы – 68,10%
Атырау облысы – 62,45 %
Батыс Қазақстан облысы – 65,49%
Жамбыл облысы – 68,10%
Қарағанды облысы – 73,31%
Қостанай облысы – 71,07%
Қызылорда облысы – 75,02%
Маңғыстау облысы – 59,14%
Павлодар облысы – 72,88 %
Солтүстік Қазақстан облысы – 73,12%
Түркістан облысы – 78,24%
Шығыс Қазақстан облысы – 72,76%.
Айта кетері, заң бойынша референдум өткен болып саналуы үшін барлық сайлаушының жартысынан көбі дауыс беруге тиіс. Қазақстандықтардың 65 пайызы өз таңдауын жасағанын ескерсек, республикалық референдум өткен деп саналады.
Референдумға шығарылған түзетулерді өңірлердің кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, ол қабылданды деп есептеледі. Орталық референдум комиссиясы республикалық референдумның қорытындысын дауыс беру өткiзiлген күннен бастап жетi күн ішінде БАҚ-та жариялауға тиіс.
Еске салсақ, республика бойынша тізімге барлығы 11,7 миллионнан астам адам енгізілді. Дауыс беру үшін он мыңнан астам учаске құрылды. Соның ішінде 52 шет мемлекетте 65 референдум учаскесі ашылды.