НҰР-СҰЛТАН, 5 маусым – Sputnik. Әлеуметтік желіде "Алматы-Бішкек" тасжолында болған апаттың видеосы тарады.
Видеода жеңіл көліктің мыжырайып, екіге қақ бөлінгені көрініп тұр.
Полиция бұл оқиғаның Қарасай ауданында болғанын растады. Алдын ала мәліметке сәйкес, 4 маусымда Mitsubishi Galant көлігінің 24 жастағы жүргізушісі алдында келе жатқан Mazda-ға соғылған.
Көлік инерциямен жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Сол жерде оны Yutong Bus автобусы қақты.
Mitsubishi жүргізушісі Қаскелең ауруханасына жеткізілді. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 620-бабы бойынша хаттама рәсімделген.