НҰР-СҰЛТАН, 4 маусым – Sputnik. Самарқанда қазақстандық туристерді ұстау кезінде электрошокер қолданған ішкі істер органдарының екі қызметкері жұмыстан босатылды, республика прокуратурасы бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғады.
Өзбекстан прокуратурасы қазақстандық туристерге қатысты оқиғаның барлық мән-жайын анықтаған соң, тәртіп сақшыларын жазалау туралы шешім қабылдағанын хабарлады, деп жазды gazeta.uz.
Сондай-ақ қадағалау органы Қылмыстық кодекстің 206-бабының 1-бөлігі – "Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану" бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Еске сала кетейік, 21 мамырға қараған түні Самарқан қалалық ішкі істер басқармасының патрульдік қызметкерлері бірнеше туристі, оның ішінде Қазақстаннан келгендерді ұстап, олардың құжаты болғанына қарамастан жеке басын анықтау үшін электрошокермен күш қолданып, полиция учаскесіне әкелген.
Қызметкерлер туристерге қалада "Қауіпсіз түн" шарасы өтіп жатқандықтан, сағат 23:00-ден кейін көшеде жүруге болмайтынын айтқан. Туристер құжаттарын көрсетіп, таксимен кетуге мүмкіндік беруді сұраған.
Сол кезде елдің ішкі істер министрлігі полицейлер қызметтік этика нормаларын өрескел бұзып, өз өкілеттігін асыра пайдаланғанын мәлімдеген еді.