НҰР-СҰЛТАН, 3 маусым – Sputnik. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров референдум өтті деп есептелу үшін қанша адам дауыс беру қажеттігін айтты.
"Республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тізімінде 11 722 536 адам бар. Референдум өтті деп есептелу үшін оған 50% + 1 дауыс беруші қатысуы қажет", - деді Петров.
Оның айтуынша, республикалық маңызы бар қалалар мен елорданың, облыстардың кемінде үштен екісінде, яғни, еліміздегі 17 өңірдің 12-сінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан көбі жақтап дауыс берсе, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар қабылданды деп есептеледі.
Ол сондай-ақ егер өңірлердің бірінде қатысқан азаматтардың саны 50 проценттен төмен болса, референдум өтті деп саналатынын, өйткені 50 процент + 1 дауыс өңірлерге бөлінбей, жалпы ел бойынша есептелетінін түсіндірді.