НҰР-СҰЛТАН, 3 маусым – Sputnik. 1 маусымнан бастап Қазақстан паспортын Түркияда рәсімдеу мүмкіндігі пайда болды.
"Қазақстаннан тыс жерлерде тұратын ел азаматтарына паспорт рәсімдеу" қызметін электрондық форматқа көшіру бойынша пилоттық жобасы басталды. Жобаны сыртқы және ішкі істер министрліктері бірлесе іске асыруда.
"Ол Анкара, Ыстанбұл және Анталия қалаларындағы мекемелерге жүгінген қазақстандықтарға паспортты 30 күн ішінде алуға мүмкіндік береді. Бұған дейін 80 күн болатын", - делінген сыртқы істер министрлігі жариялаған ақпаратта.
Бүгінгі таңда электрондық құжаттандыру жүйесі Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктері (Әбу-Даби, Дубай), Германия (Берлин, Майндағы Франкфурт, Мюнхен, Ганновер), Корея Республикасы (Сеул), Ресей (Мәскеу), АҚШ (Вашингтон, Нью-Йорк, Сан-Франциско), Өзбекстан (Ташкент) мен Жапониядағы (Токио) шетелдік мекемелерінде жұмыс істейді.