НҰР-СҰЛТАН, 3 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев референдумға барған адамдар не үшін дауыс беретінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президент халыққа бейнеүндеу жасап, Конституцияға енгізілетін өзгерістердің алғаш рет жалпыхалықтық референдумға шығарылып отырғанын ерекше атап өтті. Ал референдум демократиялық қоғам құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып саналады.
"Өзгеріс президенттің өкілеттігі мен артықшылықтарын арттыруға арналып отырған жоқ. Түзетулер билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейтуге, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын, мүддесін қорғауға бағытталған. Халықтың конституциялық өзгерістер бойынша өз еркін білдіруі нәтижесінде Жаңа, Әділ Қазақстанның негізі қаланады деп білемін. Бәріміз бірге, шынымен де, Жаңа Қазақстанды жасаймыз. Ол жерде әлеуметтік әділдік басты құндылық және жаңа әлеуметтік келісімнің негізгі конструкциясы болады", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, референдумда қоғамның азаматтық кемелділігі мен саяси санасы сыналады. Осы орайда президент орталық сайлау комиссиясы және басқа да құзіретті мемлекеттік органдар сайлау заңнамасының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етеді деп уәде берді. Халықаралық байқаушылар мен қоғамдық ұйымадардың өкілдері де референдумды бақылайды.
"Қоғамдық өмірдің жаңа әрі әділ ережелерін анықтау жолында сіздің дауысыңыз маңызды, бәлкім, шешуші дауыс болады. Нағыз демократия әрбір азаматтың ортақ іске белсенді қатысқанын талап етеді. Жаңа түзетулерге дауыс беру арқылы сіздер жемқорлыққа, таныс-тамырластыққа, саясат пен экономикадағы монополияға қарсы шешім қабылдайсыз. Құрметті отандастар, баршаңызды тарихи таңдау жасауға шақырамын! Дәл сол таңдау Қазақстанның даму бағдарын айқындайды", - деп түйіндеді Тоқаев.
Президент әрбір азаматтың біртұтас Қазақстан халқының ажырамас бөлігі екенін еске салып, өзінің және ұлттың болашағына әсер ете алатынын жеткізді.