Қоғам

Маман болжам жасады: қазақстандықтарды маусым айында не күтіп тұр

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 2 маусым – Sputnik. Қазақстандық астролог Ирина Әбдірайымова маусым айына болжам жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Маман айдың әр күніне болжам ұсынды.
Мәселен, 1 мен 2 маусым күндері аяқ астынан шаруа шығып, жоспар бұзылуы мүмкін. Сондай-ақ бұл кешігу, түсінбестік, қателіктер күні. Бұған қоса, адамның күш-қуаты тасып, әрекет етуге деген құлшынысы оянады. Десе де жоспарланған істерге көршілер, туыстар мен әріптестер кедергі келтіруі мүмкін.
Жұлдызнамашы 3 мен 8 маусым аралығында жаңа іс бастамауға кеңес берді. Өйткені ол ұзаққа созылып, өте баяу шешіледі деген қауіп бар. Бұл кезеңде Меркурий мен Сатурн энергиясының әсері хаос туғызуы ықтимал. Адамдардың ынтымағы мен бірлігіне сызат түсуі мүмкін. Бұл ереуіл, тәртіпсіздік түрінде көрініс табады.
"Маусым айынан бастап Сатурн мен Уран аспектісінің ықпалы сезіле бастайды. Дегенмен бұл энергиялар толығымен осы жылдың күзі мен қысында, тіпті 2023 жылдың көктемінде байқалады. Осы кезде сыртқы себептерге байланысты билік ауысуы ғажап емес", - деді Әбдірайымова.
Сол себепті, маманның айтуынша, бұл уақытта бәрін ой елегінен өткізіп, алды-артын бағамдау керек. Әсіресе, бұл бизнеспен айналысатын, мемлекеттік органдарда қызмет ететін адамдарға қатысты.
Сонымен қатар маусым айында доллардың посткеңестік кеңістіктегі валюталарға шаққандағы бағамы өседі деп болжанып отыр.
9-14 маусым – белгілі бір себептерге байланысты аяқталмай қалған істерге қайта оралу кезеңі. Алғырлық, іскерлік пен ақыл-ой жұмысы күшейеді. Болашақта қолдау көрсетіп, демеп, қол ұшын беретін ықпалды адамдармен танысуыңыз мүмкін. Бұдан бөлек, қаржы мәселесін шешуге таптырмас уақыт.
Адам әлемнің бір бөлшегі екенін тереңірек сезініп, жаһандағы оқиғалар оны айналып өтпейтінін ұғынады. Көбі өзгеріс қажет екенін түсіне бастайды.
Сондай-ақ бұл кезеңде мұрагерлік, алимент, салық, қарыз ақшамен байланысты мәселелер сәтті шешіледі. Тіпті, кейбірі бір көргеннен ғашық болып, махаббатын кездестіруі мүмкін.
Қоғам
Қазақстанда 1 маусымнан бастап не өзгереді
15-16 маусым күндері көңіл-күй құбылмалы болады. Адам біреуге алданып немесе өз-өзін алдауы мүмкін, жағдайға объективті түрде қарамайды, өзімшілдік танытады. Ал мұның соңы 18-19 маусымда күйзеліске, түңілуге, қапалануға әкеп соғуы мүмкін.
Ал 20 маусымнан 27 маусымға дейін проблемаларды шешуге мүмкіндік туады. Оптимизм, күш-қуат тасып, қосымша табыс түседі. Серіктестік қарым-қатынастар, іскерлік және романтикалық кездесулер үшін жақсы кезең.
28 маусым күні адамдар өз күшін асыра бағалап, басқаларға өздері орындай алмайтын уәде беруі мүмкін. Бұған қоса, біреудің берген уәдесіне де қатты сенбеген абзал.
Әбдірайымованың болжамынша, маусым айының соңы ауыр болады. Кей елдерде әскери іс-қимыл белсенді фазаға көшуі мүмкін.
Айдың сәтті күндері: 10, 11, 12, 20, 22, 27, 29.
Сәтсіз күндер: 1, 2, 16, 19, 28, 30.