Қоғам

"Ирина Кайратовна" мен Shiza-ның әрекеті бойынша үкіметке ұсыныс енгізілді

Депутаттың ойынша, құр кешірім сұраумен құтылу жауапкершіліктен құтылу деген сөз
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 2 маусым – Sputnik. Сенатор Нұртөре Жүсіп үкіметке депутаттық сауал жолдап, "Ирина Кайратовна" тобының әншісі мен Shiza-ның әрекетіне қатысты ұсыныс енгізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутаттың ойынша, құр кешірім сұраумен құтылу жауапкершіліктен құтылу деген сөз.
Ал Жаңа Қазақстанның негізгі талабы – заң үстемдігі. Қылмыстық кодекстің 372-бабы бойынша мемлекеттік рәміздерді қорлағаны бірнеше жаза қарастырылған.
Олар:
2 000 айлық есептік көрсеткішке (6 360 000 теңге) дейінгі айыппұл; түзеу жұмыстары;
600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар;
2 жылға дейін бас бостандығын шектеу;
2 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
Осының біреуін қолданады. Ал былапыт сөз айту мен ішімдік ішіп шығу әрекеттері жаза ауыр емес. Ұсақ бұзақылық ретінде бағаланады.
"Ата заңымызда шығармашылық еркіндікке кепілдік берілген. Ал еркіндікті ессіздікпен шатастыруға болмайды. Мемлекеттік рәміздерді қорлау бойынша заңның баптарын барынша қатайтуды, белгіленген айыппұл мөлшерін екі есеге көбейтуді және жаза мерзімін бес жылға дейін ұзартуды талап етеміз", - деді Жүсіп сенаттың жалпы отырысында.
Бұдан бөлек, депутат мәдениет туралы заңға концерт ұйымдастырушылар мен өнер өкілдерінің халық алдындағы жауапкершілігін қарастыратын баптарды енгізу қажет деп санайды. Ал әдепсіздік көрсеткен және былапыт сөз айтқан әншілерді бес жылға дейін сахнадан аластату керек.
"Мәдениет министрлігі жанынан репертуарлық алқа мен республикалық кеңестер құрылған болатын. Солардың жұмысын күшейту керек. Мәдени-бұқаралық шалаларды өткізу және жүргізу талаптарына халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын сақтау мен сыйлау ережелерін енгізу керек. Осы талаптарды бұзған шығармашылық ұжымдар мен әншілердің қызметін бес жылға дейін шектеу қоюды талап етеміз", - деді ол.
Еске салсақ, жуырда Алматыда өткен концертте "Ирина Кайратовна" тобы мен Shiza лақап атымен танымал Асхат Жолшиев өрескел әрекет жасады. Жас әншілер сахнаға мас күйінде шыққаны аздай, Асхат Жолшиев мемлекеттік туды қорлаған.
Бұдан бөлек, өнерпаздар бейәдеп сөздер айтқан. Осы оқиғадан кейін қазақстандықтар әлеуметтік желіде өнерпаздарды сынады.
Көп ұзамай "Ирина Кайратовна" тобының мүшесі Азамат Маркленов видео арқылы халықтан кешірім сұрады. Әртіс сахнаға ішімдік ішіп шыққанын мойындап, қателік жасағанын, осы жайт оған үлкен сабақ болғанын айтты.
Күні кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік Туды пайдалану ережелерін қайта қарау қажеттігін айтты.