Оқиға

Алматы облысында пойыз жеңіл көлікті соқты

30 жастағы жолаушы әйел зардап шеккені хабарланды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 2 маусым – Sputnik. Шамалған-Боралдай тасжолындағы теміржол өткелінде пойыз жеңіл көлікті соқты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, жол апаты 1 маусымда Қарасай ауданындағы Жармұхамбет ауылына жақын жерде болған. "ВАЗ-2107" маркалы көліктің 32 жастағы жүргізушісі теміржол өткелі арқылы өтемін дегенде пойыз астына түскен.

"Жол апатында 30 жастағы жолаушы зардап шекті. Әйел басын қатты соғып алды, қолы сынған. Оған қажетті медициналық көмек көрсетілді. Дәрігерлер үйінде емделуге рұқсат берді", - деді полицейлер.

Көлік жүргізушісіне қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 610-бабы, 1-бөлігі ("Көлiк жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiктің немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы") бойынша әкімішілік хаттама рәсімделді. Іс әкімшілік сотта қаралады.
Айта кетері, осы бапта 20 айлық есептiк көрсеткiш (63 600 теңге) мөлшерiнде айыппұл салу немесе алты айға дейінгі мерзiмге көлiк басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған.