АЛМАТЫ, 2 маусым – Sputnik. Алматы облысы Талғар ауданы орталық аурухананың қабылдау бөліміне оң қолын жұмыс істеп тұрған электр ет тартқышқа турап алған бір жарым жасар қыз түсті.
Ақ халаттылар балаға ота жасап, оның қолындағы барлық тамырларын жалғап, дер кезінде көмек көрсетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, бүлдіршін жарақаттан қатты зардап шеккен. Дәрігерлер қыздың өмірін ғана емес, жарақаттанған қолын да сақтап қалуға бекінді.
Циркуляциялық қанды қалпына келтіру бойынша реанимациялық іс-шаралар қолға алынды. Одан бөлек өмір сүру үшін маңызды функцияларды және зардап шеккен дене мүшесін қалпына келтіру бойынша ота жасалды.
"Отаны Талғар аудандық орталық аурухананың білікті дәрігерлері мен операциялық қызметкерлері жасады. Қазір науқас интенсивті терапия бөліміндегі палатада жатыр. Оның жағдайын реаниматолог дәрігерлер бақылап отыр", – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Аубакирова.
Сондай-ақ мамандар бұл оқиға ата-аналар балаларын қырағы бақылап, қадағалау қажет екенін ескертті.