НҰР-СҰЛТАН, 31 мамыр – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтандағы Хазірет Сұлтан мешітіне барып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына құран бағыштады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мешітке Тоқаевпен бірге бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да барды. Екеуі жалпы залда отырды. Осыдан кейін мемлекет басшысы "1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым" монументіне гүлшоғын қою рәсіміне қатысты.
Президент ескерткішке гүлшоғын қойып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық кезінде құрбан болғандардың рухына тағзым етті. Шараға нәубет жылдары зардап шеккен отандастарымыздың жақындары мен туыстары да қатысты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліміне сәйкес, 1921-1954 жылдары "халық жауларын анықтау" саясаты салдарынан Қазақстанда 100 мың адам сотталды, олардың 25 мыңы ең жоғары жазалау шарасы – ату жазасына кесілді. Миллиондаған қазақстандық 1932-33 жылдары ашаршылықтың құрбаны болды.
Республика аумағында ГУЛАГ құрылымының ең ірі лагерлері – АЛЖИР, Степлаг пен Карлаг болды. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстан лагерлеріне 5 миллионнан астам адам жер аударылды. Кейбір мәліметтер бойынша, тұтқындардың жалпы саны бұл саннан едәуір көп. 1930-1940 жылдары миллиондаған кеңес азаматы Қазақстанға депортацияланды.
1937 жылдың күзінде республикаға жүздеген мың кәрістер, түріктер, ирандықтар, күрдтер мен әзербайжандар қоныс аударды. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы жылдарында елге неміс, грек, шешен, ингуш, қарашай, балқар, қырым татарлары және басқа да халықтар жер аударылды. Олардың жалпы саны - 1 миллион 200 мыңның шамасында.