НҰР-СҰЛТАН, 31 мамыр – Sputnik. Атырау облысы әкімінің орынбасары, мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытгүл Хаменоваға қатысты қылмыстық іс сотқа түсті. Бұл туралы Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Сонымен қатар, Атырау облысы мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевтің ісі де сотта қаралады.
"26 мамырда Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға және Атырау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевке қатысты іс Атырау қаласы №2 сотының өндірісіне түсті. Іс Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігі 2-тармағы (Пара алу) бойынша сотқа берілді", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, "Б" ЖШС директорына қатысты Қылмыстық кодекстің 367-бабы 2-бөлігі (Пара беру) бойынша қылмыстық іс те сотқа берілді.
Басты сот отырысы 14 маусым күні өтеді.
Еске салсақ, былтыр желтоқсан айында Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев ұсталған болатын. Олар Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді. Бас кезінде Хаменованы үй қамаққа алған. Бірақ 22 желтоқсанда екі айға қамауға алуға санкция берілді.
Бақытгүл Хаменова 2017 жылдың көктемінде мәжіліс депутаты болып тұрған кезде әлеуметтік желіде танымал болды. Ол елордадағы Астана әуежайына сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беру туралы ұсыныс айтты.