АЛМАТЫ, 30 мамыр — Sputnik. Қарағандыда ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысушылары жұмыстарды іс жүзінде орындамай, жалған шот-фактуралар жазған.
Олардың қызметін қаржы мониторингі агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті әшкереледі.
"Қылмыстық пиғылды іске асыру үшін 7 жалған компания құрылды. Олардың жалпы айналымы 2018-2021 жылдар аралығында 2 миллиард теңгеден асты. Соның нәтижесінде бюджетке 300 миллион теңгеден астам салық түспеген", – деп хабарлады агенттік.
Ұйымдастырушыға қатысты бұлтартпау шарасы таңдалған. Қылмыстық істі тергеу аяқталып, сотқа жіберілді.
Агенттік көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл саласында жұмыс жалғасып жатқанын жеткізді.