НҰР-СҰЛТАН, 29 мамыр – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экс министр Арыстанбек Мұхамедиұлының қамауға алынғанын мәлімдеді.
"ҚР Ұлттық музейінің лауазымды тұлғаларына және басқа да тұлғаларға қатысты "Алтын адамның әлем музейлері шеруі" халықаралық көрмесін өткізу бойынша мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт аясында 146 миллион теңге бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.
Агенттік хабарлауынша, 2022 жылдың 28 мамырында сот санкциясымен Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты "қамауда ұстау" бұлтартпау шарасы қолданылды.
Тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесінде басқа ақпарат жария етуге жатпайды.
Бүгін Мұхамедиұлының баспасөз хатшысы өз басшысы қамауға алынғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Бірақ ресми ақпарат бойынша оның алдағы екі айға қамауға алынғаны белгілі болды.
Бұған дейін хабарланғандай, өзінің қамауға алынатынын білген соң Арыстанбек Мұхамедиұлы тамырын кескен. Бірақ оның баспасөз хатшысы экс-министрдің өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын жоққа шығарып, шенеуніктің аяғы жарақатына байланысты ауруханаға түскенін айтқан.