НҰР-СҰЛТАН, 28 мамыр – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенция хатшылығының басшысы Адриана Бланко Маркизомен Қазақстан заңнамасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) стандарттарына сәйкестендіру мәселесін талқылады.
Кездесуде қазақстандық заңнаманы ДДСҰ конвенциясының стандарттарына сәйкестендіру бойынша одан әрі ынтымақтастық, сондай-ақ Қазақстандағы темекіні бақылауға қатысты өзекті мәселелер қозғалды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенция хатшылығының басшысы Адриана Бланко Маркизо
Әлихан Смайылов Қазақстан ДДСҰ-ның темекіге қарсы күрес жөніндегі ратификацияланған негіздемелік конвенциясын сақтайтынын атап өтті.
"Еліміз ұлттық заңнама деңгейінде қағидаттарды енгізу арқылы ДДСҰ міндеттемелерін орындауда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Мысалы, жүргізілген шаралардың арқасында халықтың өмір сүру жасы артты, темекі тұтыну деңгейі төмендеп жатыр. Қазақстандықтар темекісіз ортаны қолдап отыр және темекіден бас тартқандар саны көбейіп келеді", - деп атап өтті Әлихан Смайылов.
2022 жыл Қазақстанда болашақ ұрпақты қолдау мақсатында балалар жылы болып жарияланғанына тоқталған Адриана Бланко Маркизо елімізде азаматтардың денсаулығын жақсарту мақсатында орындалып жатқан іс-әрекетті жоғары бағалады.