ПЕТРОПАВЛ, 28 мамыр — Sputnik. Петропавлда жаңа қазақ драма театрының құрылысы үш жылдан бері аяқталмай жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
500 орынға арналған жаңа театр 2019 жылы ашылады деп жоспарланған болатын. Жоба бойынша қазақ драма театры неоклассикалық стильде безендірілуі керек. 45 адамға арналған оркестр орны бар. Театр соңғы үлгідегі техникамен жабдықталады деп көзделіп отыр. Сонымен қатар ауқымды концерттер өткізуге мүмкіндік беретін мінсіз акустика болуы керек.
Петропавлда салынып жатқан қазақ драма театры
© Sputnik / Елена Бережная
Журналистермен өткен кездесулердің бірінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов театрдың ашылу салтанатына Димаш Құдайберген мен "A-Студио" тобын шақыруға уәде етті. Алайда нысанның құрылысы мен оның ашылуы үш жылға созылды.
Қаланы аралау барысында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов құрылыс жұмыстары осы жылдың соңында аяқталады деп сендірді.
Петропавлда салынып жатқан қазақ драма театры
© Sputnik / Елена Бережная
"Мердігер өзіне жүктелген міндеттемелерді орындай алмағандықтан кідіріс болды. Жоба 2019 жылдың соңында пайдалануға берілуі керек еді. Бірақ құрылыс компаниясы белгілі бір себептермен оны орындай алмады", - деді өңір басшысы.
Ол компниямен келісімшарттың мерзімі бірнеше рет ұзартылып, жұмыс істеуге мүмкіндік берілгенін және ақшалай көмек көрсетілгенін айтты.
"Бірақ олар адамдарды, техниканы ұйымдастыра алмады. Әрдайым кідіріс пен мерзімнен кешігу болды. Біз сотқа шағымдандық та, сот мердігер өзінің міндеттерін адал орындамағаны туралы шешім шығарды. Қазір басқа компания жұмыс істеп жатыр. Жыл соңына дейін театр құрылысын аяқтаймыз деп үміттенемін", - деп түйіндеді Ақсақалов.
Петропавлда салынып жатқан қазақ драма театры
© Sputnik / Елена Бережная