НҰР-СҰЛТАН, 28 мамыр – Sputnik. Павлодар тұрғыны туысының үйіне қонаққа барып, қиындыққа тап болған, деп хабарлайды Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Наурызда Павлодар тұрғыны әпкесінің үйіне қонаққа барған. Қонақта 63 жастағы Өскеменнен келген туысы оның ұялы телефонын сұрап, қоңырау соғу үшін басқа бөлмеге кетіп қалған.
Анықталғандай, осы уақыт ішінде ол павлодарлық әйелдің телефоны арқылы банктердің бірінен 1 миллион теңгеге ақшалай кредит рәсімдеп үлгерген. Қала тұрғыны бұл туралы кредит төлемін кешіктіріп жатқаны жөнінде банк қызметкерлері хабарласқан кезде бір-ақ білген.
Қазір айлакер әйелге қатысты "Алаяқтық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. "Келуге міндеттілік" түрінде процестік бұлтартпау шарасы тағайындалды.
Полиция қызметкерлері қауіпсіздік шараларын сақтау туралы ескертті: олар телефонға құпиясөз орнатып, қалта телефонын бөтен адамдардың пайдалануының алдын алу қажеттілігі туралы айтты. Сонымен қатар дербес деректер мен түрлі ПИН-кодтарды басқа адамдарға айтуға болмайды.