НҰР-СҰЛТАН, 28 мамыр – Sputnik. Елорданың инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы 4 мың тоннадан астам қантқа келісімшарт жасады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Басқарманың хабарлауынша елорданың бірқатар сауда нысанында қанттың бір килосы 320 теңгеден бастап 470 теңгеге дейін бекітілген бағада сатылып жатыр.
Осылайша, әкімдік қант бағасын тұрақтандыру мақсатында бірқатар шаралар қабылдауда. Осы мақсатта 4 мың тоннаның 2 мыңы "Тараз қант зауыты" ЖШС өндірушісінен сатып алынады. Қанттың бағасы келісіне 470 теңгеден сатылып жатыр.
"Магнум" сауда желісімен 1,5 мың тонна қант жеткізу жөнінде келісімшарт жасалды. Қанттың бір килосының бағасы 465 теңге. Тағы да азық-түлік корпорациясынан 136 тонна (немесе 2 вагон) қант сатып алынды, бір килосы - 320 теңге", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Алматы облысындағы қант зауытымен 2 мың тонна қант жеткізу жөнінде келіссөздер жүріп жатыр.
Қазір сауда нысандарының сөрелерінде қант бар. Тұрақтандыру қорынан қантты "Магнумның" 58 филиалынан, сол сияқты "Вкусмарт", "Аян", "Астықжан", "Фермаг" желілерінен сатып алуға болады.