Тұрғын үй кезегін жылжытқысы келген өскемендік ақшасынан айырылды

Жәбірленуші банктің мобильді қосымшасымен 450 мың теңге қаражатты алаяққа аударып жіберген
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысының орталығында тұрғын үй алу кезегін "айналып өтуге" тырысқан қыз алаяққа алданды, деп хабарлады Polisia.kz.
Сәуір айының соңында Өскемен қаласының полициясына 29 жастағы жергілікті тұрғын арызданған. Ол осы жылдың 23-25 сәуір аралығында танысы пәтер кезегін жылжытып беремін деген сылтаумен 450 мың теңге мөлшеріндегі ақшалай қаражатын алдап алғанын хабарлады.
Жәбірленуші тұрғын үй кезегін алға жылжыту үшін банктің мобильді қосымшасымен қаражатты аударған.
Арызды қабылдап алған тәртіп сақшылары бірден қылмысты ашуға кірісті. Осылайша қабылданған шаралардың нәтижесінде криминалдық полиция қызметкерлері 30 жастағы күдіктіні ұстады, оған қатысты келу туралы міндеттеме мәжбүрлеу шарасы таңдалды.
Аталған факті бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл баптың санкциясы екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.