НҰР-СҰЛТАН, 26 мамыр – Sputnik. Қазақстан мен Қырғызстанның президенттері шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев 5 маусымда Қазақстанда өтетін конституцияға өзгерістер енгізуге арналған жалпыхалықтық референдумды өте маңызды әрі тарихи іс-шара ретінде бағалап, қазақ халқы өз тарихындағы шешуші кезеңге келгенін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Ақорда.
"Жаңа Қазақстан, яғни екінші республика – бұл шын мәніндегі демократиялық қоғам деген сөз. Президенттік жүйе сақталғанымен, парламенттің рөлі және ықпалы едәуір күшейтіледі. Халқымыздың үні және пікірі анық естілетін болады. Мен президент ретінде осы құқықтық реформадан ешқандай артықшылыққа я жеңілдікке ие болмаймын. Мақсатым – бүкіл қоғамда оң өзгерістер жасау, халқымызға жарқын болашақтың жолын ашып беру", – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев бұл реформамен демократияландыру үрдісі аяқталмайтынын, алдымызда ұзақ жол бар екенін еске салды.
Президенттің айтуынша, жаңа реформалар жалғаса береді, бүкіл қоғамымыздың жүйесі жаңартылады.
Еске салсақ, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Бішкекке барды.