НҰР-СҰЛТАН, 26 мамыр — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық форум барысында республика еуразиялық интеграцияны қолдауын жалғастыра беретінін мәлімдеді.
Оның айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ еркін сауда жағдайын жақсарту мақсатында құрылды. Одақ осы міндетті ойдағыдай орындап келеді, деді ол.
"ЕАЭО күрделі геосаяси жағдайларда да өзінің тиімділігін көрсетті. ЕО сынды басқа ұйымдарда да проблемалық мәселелер туындайды. Өйткені әрбір мемлекет өзінің ұлттық мүддесі жағынан қарайды. Бұл қалыпты жағдай. ЕЭК осындай мәселелерді шешу үшін құрылды. ЕЭК-ке қосымша өкілеттіктер беру керек пе? Біз, Қазақстан, асықпау керек деп есептейміз. Интеграция процесіндегі қиындықтарды драматизациялаудың қажеті жоқ, өйткені бұл қалыпты процесс. Қазақстан іскерлік негізде Еуразиялық интеграцияны қолдады және мұны жалғастырады", – деді Қазақстан президенті.
Тоқаев консультациялар нәтижесінде кедергілердің 80%-і жойылғанын хабарлады. Айтуынша, интеграция - бұл ымыраға келуді талап ететін процесс.
"Қол жеткізілген келісімдерге әрдайым көңіліміз тола бермейді. Бірақ кейде өз мүддемізді емес, ортақ істі таңдауымыз қажет. Халық мәселелердің шешілуін ұзақ күте алмайды", - деді президент.
Айта кетері, Бішкекте бірінші Еуразиялық экономикалық форум өтуде. Қазақстан басшысы Қырғызстанның астанасында ресми сапармен барды. Оның барысында мемлекет басшылары келіссөз жүргізіп, екі республика арасындағы сауда көлемі алдағы жылдары 1 миллиард доллардан 2 миллиард долларға дейін артады деп уағдаласты.