НҰР-СҰЛТАН, 26 мамыр – Sputnik. Бүгін астанада бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевтің ісіне қатысты басты сот отырысы өтеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Тергеу шамамен екі жылға созылды. Бұған дейін санкциялық соттар өтіп, Біртановты қамауда ұстау мерзімі ұзартылып келді. Бұл жолы судья сотталушылардың кінәлі немесе кінәсіздігі туралы үкім шығарады.
Елжан Біртанов сот басталғанға дейін журналистерге сұхбат беруден бас тартты, соттың аяқталғанын күтуді өтінді.
"Көңіл-күйім жақсы, бірақ адвокаттарым отырыс аяқталғанға дейін сұхбат бермеуімді өтінді. Сол себепті ештеңе айта алмаймын. Соңына дейін күресеміз, бәрін отырыста естисіздер. Сот аяқталған соң, алдарыңызға шығамыз. Дайындығымыз – жүз пайыз", - деді Біртанов журналистерге.
Денсаулық сақтау министрінің бұрынғы орынбасары Олжас Әбішев бұл оның өміріндегі алғашқы сот процесі екенін, сол себепті қандай да бір болжам жасай алмайтынын мәлімдеді.
Еске салсақ, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2020 жылы қазан айында ұсталды. Оның үстінен аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын ысырап етті деген айыппен қылмыстық іс қозғалды. Алайда кейін оның ісі "лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану" болып өзгертілді.