НҰР-СҰЛТАН, 26 мамыр – Sputnik. Ақтаудың 29 жастағы тұрғыны асқазанындағы ауырсынуға шағымданып, дәрігер көмегіне жүгінген. Мамандар қарын қуысының рентгенографиясы арқылы оның асқазанынан ұзындығы 18, 16 және 15 сантиметр болатын бөгде заттарды анықтаған.
Белгілі болғандай, ер адамның асқазанында ұзындығы 5-6 сантиметр арматура және алюминий қасықтың бөлігі табылған, деп жазды InAktau.
Медицина мамандары шағын инвазивті эндоскопиялық ота жасады.
"Видеоэзофагогастродуоденоскопияның көмегімен ағзадағы бөтен заттар алынды. Бұл түрлі ұзындықтағы арматура, сондай-ақ алюминий қасықтың бөлігі екені анықталды. Ота жарты сағатқа созылып, сәтті өтті", - деді эндоскопшы дәрігер Бауыржан Танауов.
Науқастың жағдайы тұрақтанған соң, амбулаторлық ем алу үшін үйіне жіберді.