Алаяқтар Степногорск тұрғынын кредит алып, пәтерін сатуға көндірген

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 26 мамыр – Sputnik. Банк қызметкеріміз деп сенімге кірген алаяқтар Степногорск қаласының тұрғынын бірнеше кредит алып, баспанасын сатуға көндірген.
17 мамырда Степногорск қаласының полиция басқармасына 38 жастағы жергілікті тұрғын хабарласып, алаяқтарға алданып қалғаны туралы арызтүсірген.
"Жедел тергеу тобы 20 сәуір мен 14 мамыр аралығында белгісіз адамдар банк қызметкеріміз деп алдап, жәбірленушіні бірқатар банктен 3 миллион теңге көлемінде кредит алуға көндіргенін анықтады. Сонымен қатар қаскүнемдер арызданушыны пәтерін сатып, ақшаны өздеріне аударуға мәжбүрлеген", - дейді полицейлер.
Жалпы шығын – 9 миллион 150 мың теңге. Күдіктілер анықталды – олар Павлодар облысының 23 және 24 жастағы екі тұрғыны болып шықты, деп хабарлады Polisia.kz.
Олардан екінші деңгейлі банктердің үшінші тұлғаларға рәсімделген 25 картасы мен 10 телефон тәркіленді.
Степногорск қаласының полиция басқармасы Қазақстан Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі "Алаяқтық" бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.