НҰР-СҰЛТАН, 24 мамыр – Sputnik. Қазақстан 2022 жылы суармалы жерлердегі егіс көлемін 39 мың гектарға қысқартады. Бұл туралы үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді.
Министр ұсынған дерек бойынша, жоспарланған егістік көлемі 1 миллион 488 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 39 мың гектарға (2,6%) аз. Сондай-ақ алқаптың ақырғы аумағы егіс жұмыстары аяқталған соң нақтыланады.
"Суды көп қажет ететін ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жалғасып жатыр. Осыған байланысты 2021 жылмен салыстырғанда күріш егістігінің көлемі 8,7 мың гектарға қысқарады деп күтілуде. Оның ішінде Қызылорда облысында – 5,3 мың гектарға, Түркістан облысында – 2,9 мың гектарға және Алматы облысында 0,6 мың гектарға азаяды", - деді ауыл шаруашылығы министрі.
Қарашөкеев елімізде мақта алқабының аумағы 119 мың гектарға ұлғайтылғанын, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 мың гектарға артық екенін атап өтті. Бұған жоғары сатып алу бағасы ықпал еткен: шикізат мақтаның бір тоннасы 350 мың теңгеден сатылып, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 220 мың теңгеге жоғары болған.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазір оңтүстік өңірде суармалы алқаптарда егіс жұмыстары аяқталып жатыр (Жамбыл облысында 100% аяқталды), ал басқа аймақтарда жұмыстар әлі де жүргізілуде.