Қоғам

Атырауда жалған түбіртек арқылы автокөлікке VIP нөмір сатып алынған

Нөмір сатып алудан түскен кірісті есептеу кезінде бюджетке қомақты шығын келтірілгені анықталған
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 24 мамыр – Sputnik. Атырауда үлкен сұранысқа ие мемлекеттік нөрімлерді сатып алу кезінде жасанды түбіртекті қолданған. Бұл туралы Атырау қаласының прокуратурасы хабарлады.
Заң бұзушылықтар құжаттар мен бюджетке түскен нақты қаражатты есептеу барысында анықталған. Прокурорлар бес миллион теңгеден астам қаражат жетіспейтінін анықтады.
"Нөмірлерді сатып алудан түскен қаражатты бюджет түсімімен салыстырған кезде бес миллион теңгеден астам ақша жетіспейтіні белгілі болды. Яғни, VIP нөмір алғысы келген адамдар төлем туралы жалған түбіртек қолданған. Соның салдарынан мемлекетке шығын келтірілді", - деді бақылаушы орган өкілдері.
Атырау қаласының прокуратурасы осы аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлімі және 345-бабының 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.