НҰР-СҰЛТАН, 23 мамыр – Sputnik. АҚШ әкімшілігінің ведомствоаралық делегациясы 23-27 мамыр аралығында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстанға келеді.
Делегацияның мақсаты – аймақпен байланысты күшейту, деп хабарлады Американың мемлекеттік департаменті.
Делегацияны мемлекеттік хатшының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөнідегі көмекшісі Дональд Лу бастап келеді. Онымен бірге Ресей және Орталық Азия бойынша ұлттық қауіпсіздік кеңесінің бас директоры Эрик Грин, қорғаныс министрлігі мен халықаралық даму агенттігінің (USAID) жоғары лауазымды тұлғалары да жүреді.
Іссапар барысында америкалықтар төрт елдің билік өкілдерімен, азаматтық қоғам мен іскерлік топтармен кездеседі.
Келіссөздер кезінде экономикалық ынтымақтастық, қауіпсіздік саласында бірлескен жұмыс, "ортақ құндылықтарды" қолдау, жергілікті мәдениет, әйелдер құқықтары, азық-түлік қауіпсіздігі, сондай-ақ, Ауғанстан босқындарына көмек беру мәселесі талқыланады.
Қазақстанда алдағы реформалар да сөз болады деген жоспар бар. Ал Тәжікстанда жыл сайынғы екіжақты консультациялар өтеді.