НҰР-СҰЛТАН, 21 мамыр – Sputnik. Рүстем Байсейітов Алматы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы қызметінен кететінін мәлімдеді.
"Әжептәуір уақыт өтсе де, жарақатым әлі күнге дейін қатты мазалайды. Жұмыс істеу қабілеті қалпына келген жоқ. Оңалтудың толық курсынан өтіп, білектің қимыл белсенділігін қалпына келтіру қажет болғандықтан, мен қызметтен кету туралы шешім қабылдадым", - деп жазды Байсейітов әлеуметтік желіде.
Ол спорт оның өмірінде ерекше орын алатынын және оңалтудан кейін жұмысқа "басқа перспективалармен" оралатынын атап өтті.
Еске салсақ, қаңтар айындағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде Алматы әкімінің кортежіне оқ жаудырды. Салдарынан "Алматы" телеарнасының жүргізушісі көз жұмды. Сондай-ақ қалалық спорт басқармасының басшысы, дін басқармасының басшысы, "Алматы" телеарнасының операторы мен әкімнің жүргізушісі жараланды.