НҰР-СҰЛТАН, 20 мамыр – Sputnik. Қазақстан жастары конгресінің атқарушы директоры Тоқтар Болысов микрокредит беру жасын 21-ге дейін көтеруді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін сенатта "Жаңа Қазақстан: жастар және жаңғыру" тақырыбында өткен парламенттік тыңдаулар кезінде конгресс басшысы маңызды мәселені көтерді. Оның айтуынша, елімізде лудомания проблемасы ушығып барады, құмар ойындарға тәуелді жастардың саны көбейді.
Қазірдің өзінде, шамамен, 350 мың қазақстандық құмар ойын құрсауынан шыға алмай жүр. Олардың басым бөлігі – жасөспірімдер.
"Мысалы, студенттер ойнаймын деп, микрокредит ұйымдарынан шағын несие алады. Бірақ артынан тәуелді болып кетеді. Ал қарызды ата-анасы төлейді. Осыған байланысты біз микрокредиттерді беру жасын 18-ден 21-ге дейін көтеруді сұраймыз", - дейді Болысов.
Бұған дейін жарияланған статистикаға сәйкес, қазақстандықтардың 70 проценттен астамы 25-45 жасында алғаш рет кредит рәсімдейді. Соңғы кезде халық тұрмыстық заттарға ғана емес, тамақ пен киімге де кредит ала бастады. Баласын мектепке дайындау үшін қарыз рәсімдейтін ата-аналар да аз емес.