НҰР-СҰЛТАН, 20 мамыр – Sputnik. Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы Лас-Вегастағы жекпе-жектің алдында қарсыласымен көз арбасты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әлеуметтік желіде екі боксшының көз арбасқан видеосы жарияланды. Жәнібек Әлімханұлы қарсыласынан көзін алмай тұрып алды.
20 секундтан кейін Ұлыбритания боксшысы Дэнни Дигнум көзін алып, фотосессияға бұрылып кетті.
Орта салмақтағы жекпе-жек 22 мамырда АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтеді. Екі боксшы WBO-ның уақытша чемпионы атағы үшін таласады. Толық титулдың иегері – америкалық Деметриус Андраде (31-0, 19 КО).
Андраде басқа салмаққа ауысса, Жәнібек немесе Дэнни осы дәрежедегі әлемнің толыққанды чемпионы бола алады. Ол үшін алдағы жекпе-жекте жеңу керек.
Айта кетері, Жәнібек Әлімханұлы (11-0, 7 КО) мен Дэнни Дигнум (14-0-1, 8 КО) арасындағы жекпе-жек "Хабар" арнасынан көрсетіледі. Басталуы – таңғы сағат 8:00.