НҰР-СҰЛТАН, 20 мамыр – Sputnik. Атырау облысы Қызылқоға ауданында 800 гектар жайылымдық алқаптағы көк шалғынға зақым келді. Жайылымдық жерге жүргізілген зерттеу жоғары ылғалдылық салдарынан жемір көбелек көбейіп, жусан жапырақтарын зақымдағанын көрсетті, деп хабарлайды "Мой город" порталы.
"Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз және Мұқыр ауылдарынан, дәлірек айтқанда, Ақтөбе облысымен шектесетін ауылдардың 800 гектарынан құрт табылды.Барлық жер емес, шашыраңқы аумақта, кей жерде 8, кей жерде 20 құрттан анықталды", - деді Мемлекеттік агроөнеркәсіптік кешендегі инспекция комитетінің Атырау облыстық аймақтық инспекциясының бөлім басшысы Абила Қазиева.
Жемір көбелектер бұған дейін де болған. Алайда биыл ылғалдың жоғары болуына байланысты қатты көбейіп кеткен.
"Қазір дернәсілге айналып жатыр. Ал дернәсіл қоңызға айналғанда өсімдіктерге еш қауіп төндірмейді", - деді Қазиева.
Сарапшы алдағы уақытта бұл жәндіктерді аса қауіпті зиянкестерге жатқызуды ұсынды. Себебі 800 гектар жердің зақымдануы жайылымға үлкен зиян келтіреді.
Зерттеу нәтижесі келер жылы белгілі болады. Ал әзірге жайылымдық жерлерді химиялық өңдеу шаруа қожалықтарының өз қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатыр. Өйткені мемлекет тарапынан шегірткеге қарсы өңдеу жүргізу үшін ғана төлем қарастырылған.