НҰР-СҰЛТАН, 19 мамыр – Sputnik. Ақтөбедегі Қазақ-орыс халықаралық университетінің жұмысында өрескел заң бұзушылықтар анықталды.
Студенттерге дәрісті біліктілік талаптарына сай келмейтін оқытушылар оқығаны анықталды.
"Мысалы, "Әуе көлігін пайдалану" мамандығы бойынша базалық білімі бар мұғалім "Мектепке дейінгі тәрбиедегі инновациялық технологиялар" және "Бастауыш мектепте тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі" пәндерінен сабақ береді. Ал дене шынықтыру пәнінің мұғалімі музыкалық өнердің теориясы мен әдістемесі бойынша сабақтар жүргізеді", - деп хабарлады Қазақстанның білім және ғылым министрлігі.
Университетте оқу кабинеттері мен зертханалық база жетіспейді. Кейбір кабинеттер санитарлық талаптарға сай емес. Студенттер мен оқытушылар туралы нақты деректер ҰБДҚ мәліметтеріне сәйкес келмейді. Деректер базасында 335 оқушы мен көптеген мұғалім туралы ақпарат жоқ.
"Профилактикалық бақылау барысында соңғы 5 жылда бірде-бір ғылыми мақаласы жарық көрмеген оқытушылар магистрлік диссертацияларға ғылыми жетекшілік ететіні анықталды және бұлар бұзушылықтардың бір бөлігі ғана", - дейді БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова.
Онымен қоса, университет студенттердің оқу жүктемесі мен оларды қорытынды аттестациядан өткізу талаптарын сақтамайды. Бакалавриат және магистратура студенттері академиялық кредиттерді толық көлемде игермеген.
Студенттердің білім нәтижесі де көңіл көншітпейді, олардың 96%-ы шекті деңгейден өте алмады, бұл білім беру қызметінің сапасының төмендігін көрсетеді.
"Университетке барлық анықталған заң бұзушылықты жоюға уақыт берілді. Алайда Ақтөбедегі Қазақ-орыс халықаралық университеті көптеген заңбұзушылықты жойып, білім сапасын арттырудың орнына, тексеру нәтижесіне шағымданумен уақыт өткізіп жатыр", - атап өтті ведомство.
Бірінші сатыдағы соттың шешімімен комитеттің барлық әкімшілік актісі заңды деп танылды, ал университеттің шағымы қанағаттандырылмады.