Қоғам

"Өзімен-өзі сөйлескен": министрлік Ақтаудағы сарбазға қатысты түсініктеме берді

Оны әскерге шақыру үшін медициналық тексеруден өтуге мәжбүрлеп жеткізгені шындыққа жанаспайды, дейді ведомстводағылар
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 19 мамыр – Sputnik. Қорғаныс министрлігі Ақтау қаласындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметін атқарып жүрген сарбаздың психикасының бұзылуы жайлы әлеуметтік желіге таралған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
Министрліктің хабарлауынша, 18 мамырда сағат 12.00-де бөлім басшылығы 25744 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгер А. айналада болып жатқан оқиғаларға түсініксіз реакция көрсеткенін, өзімен-өзі сөйлесіп жүргенін байқады.
"Орын алған жағдай жайлы сарбаздың ата-анасына хабарланды. Жас жігіт медициналық тексеруден өткізу үшін облыстық ауруханаға жеткізілді. Тексеру нәтижесінде (МРТ, мидың КТ және маманның кеңесі) дене жарақаттары мен қауіпті патологиялар анықталған жоқ. 19 мамырда мамандар қайта тексеру жүргізуді жоспарлап отыр", - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім оны әскерге шақыру үшін медициналық тексеруден өтуге мәжбүрлеп жеткізгені шындыққа жанаспайды.
"2022 жылғы 4 мамырда әскерге шақырылған А-ға белгіленген тәртіппен шақыру қағазы берілді. 11 мамырда ол шақыру пунктіне келді. Сол жерде оған және оның туысқандарына азаматтың басқа гарнизонға бармай-ақ, Ақтау қаласында қызмет өткеретіні мәлімденген болатын. Бұдан кейін әскерге шақырылушы ретінде А. Қарулы күштердің қатарында қызмет етуге өтініш білдірді. Медициналық тексеруден өткенде денсаулығына ешқандай шағым жасаған жоқ", - дейді министрлікте.
Оқиғаға қатысты әскери полиция тексеру жүргізуде.