Қоғам

Конституцияға түзетулер Назарбаевтың отбасына жаңа кепілдіктер бермейді – министрлік

Әлеуметтік желіде 5 маусымға жоспарланған республикалық референдумға қатысты кезекті жалған ақпарат тарады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 19 мамыр – Sputnik. Желіде Конституцияға тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасына тиіспеуге кепілдік беретін және оларды өмір бойы қазақстандықтардың салығы есебінен асырауға мүмкіндік беретін түзетулер енгізілетіні туралы ақпарат тарады. Әділет министрлігі мұны жоққа шығарды.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта тұңғыш президенттің құқықтық мәртебесі "Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы туралы" жеке Конституциялық заңмен реттеледі. Тұңғыш президентке және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі мүлікке қол сұғылмаушылық осы Конституциялық заңда белгіленген.
"Өз кезегінде, аталған норманы Конституциядан алып тастаған жағдайда, Қазақстан заңнамасын Конституция нормаларына сәйкес келтіру үшін осы заңды жою қажет болады", - деп түсіндірді ведомство.
Сондай-ақ Конституциядан тұңғыш президенттің мәртебесіне қатысты норма алынып тасталады.
"Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасы Тұңғыш президентке және оның отбасына жаңа кепілдіктер беруді көздемейді. Керісінше, Конституцияға өзгерістер енгізу туралы заң жобасында Тұңғыш президент мәртебесіне қатысты барлық норманы алып тастау ұсынылды", - делінген хабарламада.
Яғни, референдумға Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық отбасы мүшелерін қазақстандықтардың салығы есебінен асырау туралы түзетулер шығарылатыны туралы ақпарат – жалған, деп хабарлайды StopFake.kz.