Экономика

Автокредит бағдарламасына бюджеттен қосымша қаржы бөліне ме – министр жауап берді

Қазір республикалық бюджеттен осы бағдарламаға бір тиын да жұмсалып жатқан жоқ
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 19 мамыр – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жеңілдетілген автокредит бағдарламасына бюджеттен қосымша ақша бөлу мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін индустрия және инфрақұрылымды даму вице-министрі Марат Қарабаев жеңілдетілген автокредит бағдарламасына тағы бюджеттік қаржы бөлу мәселесі қаралып жатқанын айтқан.

"Біз қазір мына 100 миллиардтан басқа республикалық бюджеттен қосымша ақша бөлеміз бе деп отырмыз. Біздің қаржылық-экономикалық негіздемеміз бойынша 150 миллиард болып тұр. Оны жыл сайын 30 миллиардтан бөлеміз деген ой бар. Бірақ ол ақшаны бере ме, бермей ме, әзірге белгісіз", - деді Қарабаев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Ал қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ондай өтінім әлі түспегенін жеткізді.
"Қазір республикалық бюджеттен осы бағдарламаға бір тиын да жұмсалып жатқан жоқ. Барлығы - бұрынғы Оператор РОП-та жиналған ақша. Соны бұрып жатырмыз. Ал республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлу туралы өтінім түскен жоқ", - деді Жамаубаев.
Айта кетері, осы аптаның басында Қазақстанда жаңа автокредит бағдарламасы іске қосылды. Бірақ бұрынғы бағдарлама бойынша жеңілдетілген кредиттер де беріледі.