НҰР-СҰЛТАН, 19 мамыр – Sputnik. Алматы қалалық полиция департаменті Алтынсарин мен Шаляпин көшелерінің қиылысында ұйымдасқан қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Криминалдық полицияның мәліметіне сәйкес, үш ер адам мен бір әйел Ақтөбе, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген. Әуезов ауданында бірнеше пәтерді тонап кеткен.
"Олар кіреберіс есіктердің кілтін таңдау арқылы бөтен үйлерге түскен. Ерлер ұрлық жасаса, әйел ұрланған мүлікті сатқан. Соның ішінде алтын мен аң терісінен жасалған бұйымдар, сонымен қатар цифрлық техника бар. Қылмыстық топ Алматыда пәтер жалдап тұрған", - дейді полицейлер.
Күні кеше ұрылар Алтынсарин мен Шаляпин көшелерінің қиылысында ұсталды. Төртеуі де уақытша ұстау абақтысына қамалды. Полицияға түскен ақпарат бойынша бұған дейін олар Ақтөбе облысында пәтер тонаумен айналысқан.
"Біз бұл ақпаратты тергеу барысында нақты тексереміз. Алматыда ұрланған мүлікті сату арнасын да анықтаймыз", - дейді криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.