Алматыда рэкетир бума-бума доллармен ұсталды – видео

Рэкетир кәсіпкерді 260 мың доллар тауып бермесең, күш қолданамын деп қорқытқан
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 19 мамыр – Sputnik. Алматы қаласында кәсіпкерден 260 мың доллар бопсалаған ер адам ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полицияға арыз түсірген кәсіпкер бейтаныс ер адамның ақша бопсалап жатқанын айтқан. Рэкетир ойдан шығарылған қарызды желеу етіп, 260 мың доллар талап еткен. Ал ақша табылмаса, күш қолданамын деп қорқытқан.
"Бұл дерек жедел және арнайы іс-шаралар барысында расталды. 41 жастағы Н. есімді азамат кәсіпкерден ірі көлемде ақша талап еткен. Арнайы жасақтың қатысуымен өткізілген іс-шара нәтижесінде күдікті қылмыс үстінде ұсталды. Рұқсат етілген тінту кезінде қаражат тәркіленді. Күдікті кінәсін мойындап отыр", - дейді полицейлер.
Рэкетир Әл-Фараби даңғылында орналасқан дәмханалардың бірінде ұсталды. Күдікті жақын жерде тұратындықтан кездесуді сол жерге белгілеген.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 194-бабы 4-бөлігі (Қорқытып алу, күш қолданып жасалған әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Күдікті қамауға алынды.
Айта кетері, бұл бапта үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кінәлінің мүлкі тәркіленеді.
Өңірлер
Шымкентте шенеуніктерден ақша бопсалаған "блогер" ұсталды