Денсаулық

Түркістан облысының тұрғыны Конго-Қырым безгегі күдігімен ауруханаға жатқызылды

Науқаспен қарым-қатынаста болған 15 адам анықталды, оның ішінде 9 адам - медициналық қызметкерлер, барлығы медициналық бақылауға алынды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 17 мамыр – Sputnik. Шымкентте Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына ықтимал жағдай тіркелді, деп хабарлады жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.
Ведомство мәліметінше, 16 мамыр күні Шымкент қаласында осындай дертке күдігі бар науқас жүгінген.
"Түркістан облысы, Бәйдібек ауданының 46 жастағы тұрғыны "Асқазан-ішектен қан кету. Ауыр дәрежелі деңгей" диагнозымен Облыстық клиникалық ауруханаға жедел жәрдем көлігімен жүгінді. Осы күні науқас Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына ықтимал диагнозымен Шымкент қаласының жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылды", - делінген хабарламада.
Бүгінгі күнге науқастың жалпы жағдайы интоксикация мен геморрагиялық синдромға байланысты ауыр дәрежеде. Науқас оқшауланып, Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жансақтау бөлімшесіне жатқызылды.
Науқаспен қарым-қатынаста болған 15 адам анықталды, оның ішінде 9 адам - медициналық қызметкерлер, барлығы медициналық бақылауға алынды.
"Індеттің алдын алу мақсатында кешенді эпидемиологиялық, зоопаразитологиялық және ветеринарлық алдын алу іс шаралары тиісті мамандармен жалғасуда", - дейді мамандар.
Шымкент қаласы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруынан қолайсыз аймақтар қатарына жатады. Өткен жылы дерттің екі жағдайы тіркелген.
Қалада кене шағып медициналық көмекке қаралған 284 адам тіркелді (2021 жылдың ағымдағы мерзімінде – 94 адам), яғни өткен жылдың осы мерзімімін салыстырғанда кене шағу жағдайы 3 есеге өскен.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы– бұл вирус қоздырғышынан туындайтын аса қауіпті жұқпалы ауру, науқас дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеген жағдайда, өлім жағдайына әкеліп соқтыруы мүмкін.