НҰР-СҰЛТАН, 17 мамыр – Sputnik. Биыл 23 мамырдан бастап мамандандырылған медициналық пойыздар өз жұмысын қайта бастайды.
"Арнайы пойыздар 13 мың шақырымнан астам жол жүріп, шалғай орналасқан Толтыр, Афанасьево, Бегімбет, Никельтау сияқты және өзге де стансалар мен разъездерге барады. Биыл 200-ге жуық станса мен разъезді қамту жоспарланып отыр", - деп хабарлады "Қазақстан темір жолы" компаниясының баспасөз қызметі.
Дәрігерлер шалғайдағы стансалар мен жақын маңдағы ауылдардың тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсетеді. Медбригада құрамына терапевт, педиатр, ЛОР, кардиолог, офтальмолог, стоматолог және тағы басқа мамандар кіреді.
"Жәрдем" және "Саламатты Қазақстан" медициналық пойыздары арнайы жабдықталған 8 вагоннан тұрады.
"Бригадалардың құрамына кіретін дәрігерлер күніне ондаған науқасты тексереді. Тексеру кезінде олар аурудың ауыр түрлерін анықтаған жағдайлар да болды. Кейде пациенттер медициналық пойыздар жұмыс істеп тұрған стансаға білікті дәрігерлерге қаралу үшін басқа елді мекеннен арнайы келеді", - дейді "ҚТЖ" компаниясы.