Білім

Биыл ауыл мектептеріне 515 жаңа автобус беріледі

Қазіргі таңда республика бойынша 25 мыңнан астам оқушы көлікке мұқтаж
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 17 мамыр – Sputnik. Балалар жылы аясында елдегі ауыл мектептерінің автобус паркі 515 автобуспен жаңартылады.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, бұл балаларды мектепке және үйлеріне қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бірінші кезекте мектебі жоқ, шалғайдағы халқы аз ауылдарда тұратын балалар қамтылады.
"Биыл өңірлердің мектептерін балаларды тасымалдайтын жаңа көліктермен қамтамасыз ету мәселесі республикалық деңгейде шешіліп, жаңа автобустар алуға қаржы бөлініп жатыр. Сондай-ақ білім беру ұйымдарын автобустармен одан әрі жабдықтау үшін Жол картасы әзірленді. Бүгінгі таңда 25 мыңнан астам оқушы көлікке мұқтаж. Сондай-ақ мектеп автобустарына жоғары қажеттілік Түркістан, Ақмола, Батыс Қазақстан, Алматы, Павлодар және басқа да облыстарда байқалады", - деді БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев.
Министрлік ақпаратынша, қазіргі таңда барлығы 1 мыңнан астам мектеп автобусы қатынайды. Елімізде құрастырылған жаңа автобустар қаржылық лизинг бағдарламасы бойынша жеңілдетілген шарттармен сатып алынады. Бұл тетік ел мектептерінің барлық автобус паркін кезең-кезеңімен жаңартуға мүмкіндік береді.
Білім
Мектеп асханасы мен дәретханасын тексеру акциясы: бір аптада 400 хабарлама түскен
Білім министрлігі балалардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету үшін көліктерге қойылатын техникалық талаптарды әзірлеген. Бұған қоса, көліктер қауіпсіздік белдігі бар балалар орындықтарымен, салонда балаларды қалдыруға жол бермейтін жүйемен, кабинаның артқы жағындағы авариялық есікпен жабдықталуы керек.
Сондай-ақ оқушылардың қасында мектеп директорының бұйрығымен бекітілген арнайы қызметкер болуға тиіс.