НҰР-СҰЛТАН, 17 мамыр – Sputnik. Сот Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен құрылыс басқармасының экс-басшысы Тимур Басаровқа қатысты үкім шығарды. Қылмыстық іс облыстың мамандырылған ауданаралық сотында қаралды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Тергеу материалдарына сәйкес, 2020 жылы Атырау облысының әкімдігі Жылыой ауданындағы Құлсары қаласында аурухана салуға шешім шығарған. Құрылыс жұмыстарын "БКК" ЖШС атқарды. Сол кезде Нұрлан Таубаев құрылыс саласына жауапты шенеунік ретінде фирма директорының орынбасарымен кездесіп, келісімшарт сомасының 10 проценті көлемінде пара беруді талап еткен. Артынан "келіссөздерге" Тимур Басаров қосылды.
Параның көлемі 7 процент - 185 500 000 теңгеге дейін төмендетілді. Таубаев құрылыс басқармасының басшысына алып келуге бұйрық берген. Басаров 185 730 004 теңге (423 900 доллар мен 5 000 000 теңге) алған. Осы ақшаны бастығына беріп жатқан жерінен екеуі де қолға түсті.
"Сотталушылардың кінәсі оқиға орнын қарау хаттамаларымен, жеке тінтумен, WhatsApp-тағы хат жазысумен, бейнебақылау жазбаларымен және сараптамалардың нәтижесімен расталды. Оған қоса, Басаров өз кінәсін мойындады", – дейді сот мамандары.
Сот Таубаевты Қылмыстық кодекстің екі бабы (24-3 пен 366-4 - Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адамның жеке өзі немесе делдал арқылы аса ірі мөлшерде пара алуы) бойынша кінәлі деп таныды.
Ал Басаров пара алуға делдалдық жасағаны үшін айыпталды. Әкімнің бұрынғы орынбасары 10 жылға сотталса, құрылыс басқармасының экс-басшысы 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Екеуіне де мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынып отыр. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетері, былтыр желтоқсан айында Атырау облысы әкімінің тағы бір орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев ұсталған болатын.
Олар Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді. Бас кезінде Хаменованы үй қамақа алған. Бірақ 22 желтоқсанда қамауға алуға санкция берілді.