НҰР-СҰЛТАН, 16 мамыр – Sputnik. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде әр түрлі алаяқтық сайттардың, парақшалардың пайда болғаны туралы хабарлайды.
Олар қор атынан көпе көрінеу жалған ақпарат таратады. Алаяқтар сайттың домендік атына Қордың "kdif.kz" деп аталатын қысқартылған атауын қолданады. Осылайша желі пайдаланушыларын әдейі жаңылыстырады.
"Анықталған алаяқтық ресурстар жалған ақпараттардан тұрады. Шын мәнісінде алаяқтардың мақсаты – интернет пайдаланушылардың дербес деректерін жинап, алдау арқылы ақшалай қаражаттарын ұрлау", - делінген хабарламада.
Қор ақпараттың дұрыстығын тексеру үшін ақпарат көздерін айқындап алуға, бөгде адамдарға банк шотының нөмірін және басқа да банктік деректемелерді айтпауға, сондай-ақ желі арқылы дербес деректерді таратпауға кеңес береді.