НҰР-СҰЛТАН, 15 мамыр – Sputnik. Қазақстан әл-Фараби атындағы стипендиялық бағдарламаны іске қосып, Орталық Азия елдерінің азаматтарына квота бөледі.
Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Жаңа бағдарламаны іске қосу туралы бастама Орталық Азия елдері ректорларының форумында көтерілді. Оған министрліктер өкілдерінің, сондай-ақ Орталық Азия елдері университеттерінің 133 өкілі қатысты.
Аймағамбетовтың айтуынша, бұл – былтыр қол қойылған Түркістан декларациясында көрсетілген жоспарларды жүзеге асыратын форум.
"Біз әл-Фараби атындағы стипендиялық бағдарламаны іске қосып, Орталық Азия елдерінің азаматтарына квота бөлуге дайынбыз", - деп атап өтті министр.
Биыл Қазақстан Чехиямен бірге Болон процесін Басқару тобына (BFUG) тең төрағалық етіп жатыр.
"Бүгін біз Қазақстанда BFUG өкілдігін ашу мәселесін көтердік. Бұл Еуропа мен Орталық Азия елдері арасындағы жоғары білім саласындағы әріптестікті күшейтуге және Болон процесі қағидаттарын өңірде таратуға мүмкіндік береді", - деді Аймағамбетов.
Форумның қорытындысы бойынша:
Орталық Азия ЖОО-ларының альянсын құру туралы меморандум қабылданды.
Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан университеттері арасында екіжақты келісімдерге қол қойылды.
Орталық Азия елдерінде қазақстандық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу мүмкіндігі талқыланды.
Әр мемлекет үшін басым бағыттар бойынша бірлескен ғылыми және білім беру жобаларын әзірлеу жоспары әзірленді.
Университеттер өз арасында оқытушылар және студенттермен алмасады.