Сәбит Шонтақбаевтың досы да ерлігі үшін төсбелгі тақты

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 13 мамыр – Sputnik. Елорданың төтенше жағдайлар департаменті Сәбит Шонтақбаевпен бірге сегізінші қабаттың терезесінен құлағалы тұрған қызды құтқарған екінші жігіт Сағи Жылқышиевті марапаттады. Оған да төсбелгі тағылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен Сағи Жылқышиев "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ оған алғыс хат пен қолсағат табысталды.
Айта кетері, 11 мамыр күні Сәбит Шонтақбаев жұмысқа Сағимен бірге шыққан. Сол кезде далада айқайлап жүрген адамдарды, ал 8-қабаттың терезесінде салбырап тұрған баланы көрген. Екеуі 7-ші қабаттағы пәтердің терезесі арқылы үш жасар қызды құтқарды.
Сәбит терезеге шыққан кезде Сағи бір қолымен досының аяғынан, ал екінші қолымен терезені ұстап тұрған.
Сол күні баланы құтқарған сәттің видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарап кетті.
Төтенше жағдайлар вице-министрі Сәбит Шонтақбаевқа "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" төсбелгісін табыстады. Қала әкімі жұмыс тауып берсе, кәсіпкерлер үш бөлмелі үй сыйға тартты. Астанадағы құрылыс компаниясы Сағи Жылқышиевке де екі бөлмелі пәтер берді.
Нұр-Сұлтанда 3 жасар қызды құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаев марапатталды