Қайрат Сатыбалдыны қамауда ұстау мерзімі ұзартылды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 13 мамыр – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласының тергеу соты Қайрат Сатыбалдыны қамау мерзімін ұзартты. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов мәлімдеді.
"Тергеу әлі аяқталған жоқ. Кеше Нұр-Сұлтан қаласының тергеу соты Қайрат Сатыбалдыны қамау мерзімін 13 маусымға дейін ұзартты. Тергеу құпиясына байланысты басқа мәліметтер жарияланбайды", – деді Сарқұлов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Айта кетері, 13 наурызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлының ұсталғаны туралы ақпарат таратты. Ол "Қазақтелеком" АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде жымқырды деп айыпталып отыр. Сондай-ақ мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Қайрат Сатыбалды Алматы облысының аумағында ұсталған. Ол Дубайға ұшып кетпек болды.
Қайрат Сатыбалдыұлы – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі.
Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі де қамауға алынған. Ол рейдерлік әрекеттер үшін айыпталып отыр.