Қоғам

Енді қандас мәртебесін eGov.kz порталы арқылы алуға болады

Бұрын азаматтар қандас мәртебесін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып рәсімдейтін
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 13 мамыр – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, "Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту" мемлекеттік қызметін цифрлық форматқа көшірді. Енді оны электронды үкімет (eGov.kz) порталында алуға болады.
Бұрын бұл қызмет Халыққа қызмет көрсету орталықтарында көрсетіліп келді. Енді қандас мәртебесіне eGov.kz порталында өтініш беруге болады. Ол үшін өтініш берушінің ЖСН мен электронды цифрлық қолтаңбасы болуға тиіс.
Өтініш беруші барлық міндетті жолды толтырып, сұратылған құжаттарды қоса ұсынуы қажет. Тіркелген файлдар pdf немесе jpg форматында қабылданады.
Сондай-ақ өтініш беруші отбасы мүшелері бойынша да мәліметтерді толтыра алады. Отбасы мүшелерінің санына шектеу жоқ. Осыдан кейін қолжетімді тәсілдердің бірімен сұрау салуға қол қою қажет.
Ұсынылған деректер еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелері арқылы тексеріледі.
Мемлекеттік қызмет 4 жұмыс күні ішінде көрсетіледі.
"Нәтижесінде өтініш беруші қандас куәлігін алады немесе жергілікті атқарушы орган қандас мәртебесін ұзарту туралы шешім қабылдайды. Өтініште ұсынылған құжаттар мен мәліметтер дұрыс болмаған жағдайда, қолданушыға мемлекеттік қызмет көрсетілмейді", - деді еңбек министрлігі.
Нәтижелер электронды құжат түрінде қолданушының "Жеке кабинетіне" жіберіледі.