НҰР-СҰЛТАН, 12 мамыр – Sputnik. Қазақ балуаны Бразилияда өтіп жатқан XXIV Сурдлимпиада ойындарында алтын жүлдені жеңіп алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қайратхан Шоңқу грек-рим күресінің финалында түрік балуаны Мехмет Юсалды ұтып кетті.
Осылайша, 130 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Асылжан Тәжиев (97 келі) ирандық спортшыдан жеңіліп, күміс медаль алды. Ал Нұржан Асан (77 келі) мен Алдияр Балташев (60 келі) финалға шыға алмады, екеуі де қола жүлдені қанағат тұтты.
"Жігіттер жарады! Біз көптеген оқу-жаттығу жиындары мен дайындықтың арқасында осындай жетістікке жеттік. Бір алтын, бір күміс және екі қола – үлкен жетістік. Алдағы уақытта бұдан да жоғары көрсеткішке жетеміз", - дейді сурдо грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Ерлан Мұқажан.
Айта кетері, есту қабілеті нашар спортшылар арасындағы жарыстар 16 мамырға дейін жалғасады.
Осы уақытқа дейін Қазақстан құрамасы 1 алтын, 4 күміс және 17 медаль жеңіл алған.