НҰР-СҰЛТАН, 12 мамыр – Sputnik. Президент кепілдендірілген трансфертке қатысты заңға қол қойды, деп хабарлады Ақорда.
"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022 – 2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңына қол қойды", - делінген хабарламада.
Бұған дейін парламент мәжілісі Ұлттық қордан 2022 – 2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заңға өзгеріс енгізу туралы заң жобасын мақұлдаған болатын.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықовтың айтуынша, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшерін 4 триллион теңгеге дейін ұлғайту қарастырылып отыр.
"Қаражат президент тапсырмаларын іске асыру үшін қосымша қаржыландыру аясында республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге бағытталады", - деді ол мәжіліс отырысында.
Ол Ұлттық қордың нысаналы көрсеткіштері фискалдық шектеулер шегінде сақталатынын атап өтті.