НҰР-СҰЛТАН, 12 мамыр – Sputnik. Білім және ғылым министрлігі Алматыда 1-сынып оқушысы зорланды деген жекеменшік "Мариям" мектебін тексереді.
БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев пен бала құқықтары жөніндегі штаттан тыс кеңесші Раиса Шер жаға ұстатарлық оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Алматыға ұшып шықты, деп хабарлады білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
"Біз бұл жағдайды ерекше бақылауда ұстап отырмыз. Бүгін профилактикалық іс-шаралар жүргізу мақсатында "Мариям" жекеменшік мекемесін тексереміз. Сонымен қатар оқушының отбасына да барып, қажетті көмек көрсетеміз. Балаға психологиялық көмек көрсетіледі", - деді Балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев.
Ол тергеу қорытындысы бойынша шаралар қабылданатынын атап өтті.
"Сараптама нәтижесін күту маңызды. Құқық қорғау органдарымен байланыста боламыз", - деді Иманғалиев.
Мектептегі зорлау фактісіне байланысты қалалық полиция департаменті тергеу жүргізіп жатыр. Зорлық-зомбылық жасалғанын анықтау үшін сараптама тағайындалды.
Еске салсақ, құқық қорғаушы Дина Смайылова Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірінде 1-сынып оқушысы зорланғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Айтуынша, 7-сыныптың үш оқушысы бірінші сыныпта оқитын ұл баланы бірнеше күн бойы алып кетіп, сабақ кезінде дәретханада зорлаған. Баланың әкесі болған оқиға туралы екі апта бұрын біліп, полицияға хабарлаған.