НҰР-СҰЛТАН, 11 мамыр – Sputnik. Әлеуметтік желіде Ақжайық ауданы Тайпақ ауылындағы мектепті су басқаны жайлы видео жарияланды. Ролик авторының айтуынша, нөсер жаңбырдан кейін төбеден су аққан, ал техникалық қызметкерлер еден мен қабырғаларды сүртіп үлгермеген. Орта мектеп ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді.
Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, қазір аудандық білім бөлімі мен "Тасқала Транс Газ" ЖШС компаниясы арасында құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу туралы келісімшарт жасалған, күрделі жөндеу жұмыстары осы айда басталуға тиіс, деп жазды "Мой город".
Мектептің бас ғимаратын емес, спорт зал мен асхана орналасқан қосымша ғимаратты су басқан, дейді Ақжайық аудандық білім бөлімінің басшысы Біржан Сабыров.
"Мектеп 1987 жылы салынған, 624 орынға есептелген. Мендегі мәлімет бойынша, салынған жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Өткен жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуі керек еді, бірақ сот дауына байланысты жұмысты уақытында бастауға мүмкіндік болмай отыр. Бөлінген ақшаны бюджетке қайтаруға тура келді. Биыл "Ауыл ел бесігі" бағдарламасы бойынша 350 миллион теңге бөлінді, қалғаны жергілікті бюджеттен қарастырылады", - деді Сабыров.
Балалар су баспаған бас ғимаратта оқиды. Жөндеу жұмыстары шамамен бес айға созылады.